СҮЙІНБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ЖИНАЛУЫ МЕН ЖАРИЯЛАНУЫ
Бұқарашыл, халықтық ақын Сүйінбайдың айтыстары мен өлең, толғауларын жинау, жариялау ісі тек жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде ғана шындап қолға алынды. Сол тұстағы кеңестік кезең уағында 1920 жылы Түркістан автономиялық республикасы Халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған Қырғыз(қазақ) ғылыми комиссиясы Сырдария, Жетісу облыстарынан ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға шығады. Осы сапарда экспедиция мүшесі этнограф, фольклорист-ғалым Әбубәкір Диваев(1856-1933 ж., ұлты башқұрт, Орынбор қаласындағы Неплюев кадет корпусын бітірген, жоғары білімді азамат) Сүйінбайдың өлең, толғаулары мен айтыстарын жазып алаған. Соңыра, 1929 жылы, бірінші рет «Жаңа әдебиет» журналының №6 санында ақынның «Апырмау, мынау жатқан Сарыбай ма?» деген өлеңі басылған.
Осыдан кейін-ақ Сүйінбай шығармаларын жинау, жариялау ісі кең қанат жаяды. Ақын шығармалары әр кезде шыққан жоғары оқу орындары мен орта мектептерге арналған хрестоматиялық оқулықтарға енгізіліп, жұртшылыққа кеңінен таныстырыла бастайды. Мәселен, жаңашыл ақын Сәкен Сейфуллин 1931 жылы өзі құрастырған, студенттерге арналған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты оқу құралында «Шапырашты Сүйінбай ақынның қартайған шағында айтқаны» деген өлеңді жариялаған. Іле-шала, 1935 жылы Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың құрастыруымен ақынның ел ішінде сақталған шығармалары тұңғыш рет өз алдына «Сүйінбай ақын» деген атпен жеке жинақ болып жарық көрді. Бұдан соң С. Мұқанов пен Қ. Бекхожин 1939, 1940, 1941 және 1944 жылдары орта мектептің 8-класына арналған хрестоматияларына Сүйінбайдың бір топ өлеңдерін енгізген. Ақынның хрестоматияның «Сүйінбай ақын» бөлімінде «Сүйінбай мен Тезек төре», «Сүйінбайдың Тезектің өлген баласына көңіл айтқаны», «Кәрілік туралы» деген өлеңдері бар.
Халық ақындарының шығармашылығын жинап, жариялау, әсіресе, Қазақ ССР Ғылым академиясы құралғаннан кейін (1946 ж.) арнайы ғылыми жолға қойылды. Арнаулы экспедициялар, жеке адамдар жазып алған Сүйінбай ақынның өлең, толғау, айтыстары бұл күндері Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Ғылым академияларының қолжазба қорларында аса мұқият сақтаулы тұр. Осы ретте ақынның әдеби мұрасын көп жинаған этнограф, фольклорист-ғалым Ә. Диваев пен жазушы С. Бегалиннің, сол кездегі академия қызметкері Б. Жақыпбаевтың және қырғыз фольклористері Ш. Уметалиев пен Э. Муканбетовтың материалдарын бөліп атауға болады. Сонымен қатар, Сүйінбайдың атақты айтыстары мен өлең, жырлары Жамбыл Жабаевтың мемориал-музейінің әдеби қорында да кездеседі.
Халық ақындарының шығармаларын топтап, жинақ етіп шығаруда Қазақ ССР Ғылым академиясы көптеген маңызды жұмыстар тындырды. Сол игілікті істердің бір бөлігі «Ақын жырлары», «ХҮІІІ – ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» және «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды», «Он ғасыр жырлайды» атты жинақтарда Сүйінбай шығармаларына да кең орын берілген. Үш томдық «Айтыстың» І томында және «Қазақ халық әдебиеті»(көп томдық) деген кітаптарда «Сүйінбай мен Тезек төренің айтысы» қайта жарияланған. Ал, 1975 жылы «Жазушы» баспасы 1935 жылғы жинақтан кейін, арада қырық жыл өткен соң, ұлы ақынның шөбересі фольклорист-ғалым Сұлтанғали Садырбаев пен журналист Есберген Естаев құрастырған Сүйінбай өлеңдерінің таңдамалы жинағы «Ақиық» деген атпен жарыққа шықты. Ол алдыңғы «Сүйінбай ақын» жинағына қарағанда өзінің құрылысындағы сапалы айырмашылықтарымен көзге түсті. Себебі, «Ақиық» жинағына Сүйінбай ақынның таңдаулы шығармаларымен қатар, көптеген өлең, толғаулары, айтыстары тыңнан қосылған еді. Және де ондағы ақын шығармалары, ең бастысы, белгілі бір рет жүйеге келтіріліп, тақырыптарға бөлінді, кітапқа көлемді ғылыми алғы сөз жазылып, жинақ соңынан түсіндірме сөздік берілді. Әрі Сүйінбайдың осы жаңадан шыққан «Ақиық» атты таңдамалы өлеңдер жинағы туралы республика баспасөзі әдебиет зерттеушілерінің көптеген ойлы пікірлерін жариялады. Мысалы, профессорлар Х. Сүйіншәлиев, С. Қасқабасов, К. Сейдеханов және ғылым кандидаты С. Ордалиев, т.б. ақын өлеңдерінің жаңа басылымының құрылысы мен мазмұн-мәніне жоғары баға берді.
1977 және 1990 жылдары фольклорист-ғалым С. Садырбаев ғылыми алғы сөзін жазып, құрастырған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» және «Қазақ халық әдебиеті» атты хрестоматия-оқулықтар жоғары оқу орындары студенттері мен көпшілік оқырман қауымның қолына тиді. Аталған хрестоматиялардың «Айтыс өлеңдер» бөліміне «Сүйінбай мен Тезек төре» айтысы енгізілен. Сондай-ақ, 1990 жылы ақынның туғанына 175 жыл толуына орай «Сүйінбай Аронұлы. Шығармалары» деген өлеңдер жинағы жарық көрді. Ал, 1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі жылдарда ұлы ақынды еске алып, құрметтеу шаралары жаңаша өріс алды. Ол игі істердің жарқын айғағы ретінде 1996 жылы данышпан жыраудың «Сүйінбай. Таңдамалы шығармалары», 2009 жылы «Аронұлы Сүйінбай. «Бөрілі менің байрағым», 2010 жылы «Сүйінбай Аронұлы. Өлең сөздің жарық жұлдызы» атты жаңа тұрпатты шығармалар жинақтарын атаймыз. Міне, осылайша күні бүгінге дейін Сүйінбай шығармалары баспа жүзінде жиі-жиі жарық көріп, халықтың сүйіп оқитын қымбат әдеби-рухани қазынасына айналып отыр.
Сонымен бірге, ойшыл ақын Сүйінбай Аронұлының басты-басты, бірді-екілі шығармалары әлденеше дүркін орыс тіліне де аударылып, дүние жүзі халықтарының танысуына мүмкіндік алды. Атап айтқанда, ақынның «Кәрілік» өлеңі және «Сүйінбай мен Тезек төре айтысы» 1958 жылы Москвадан шыққан «Қазақ поэзиясының антологиясында»(«Антология казахской поэзии»); «Үмбетәліге» өлеңі мен «Тезек төреге айтқаны» 1978 жылы Ленинградтан шыққан «Қазақстан ақындары»(Поэты Казахстана») жинағында басылды. Осы орайда бір айрықша көңіл бөлетін нәрсе – 1977 жылы Москвадан «Әлем әдебиетінің кітапханасы»(«Библиотека Всемирной литературы») деген атпен жарық көрген 200 томдық жинақтың 102-томында Сүйінбайдың «Кәрілік» атты өлеңі жарияланды. Мұның өзі ақын шығармашылығының дүниежүзілік рухани көркем ойға қосылған асыл мұра, аса құнды, қымбат әдебиет ескерткіші екендігін көрсетеді.
М.Үмбетаев