СҮЙІНБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

Атақты Сүйінбай ақын қалдырған бай әдеби қазынаны зерттеу ісі негізінен, 1940 жылдардан басталады. Ақынның өлең, толғаулары мен айтыстарының көркемдігін, тіл байлығын тексерген қазақтың арғы-бергі әдебиетші ғалымдары әр тұстарда өздерінің тұшымды ой-пікірлерін білдіріп отырған. Мәселен, Сүйінбай мұрасын алғаш зерттеушілердің бірі академик-жазушы М. Әуезов болды. Ол 1949 жылы «Айтыс өлеңдері» деген зерттеуінде «Сүйінбай мен Тезек төре» айтысына арнайы тоқталған. Еңбекте Сүйінбайдың сыншылдығын, батылдығын баса айтып, оны «тілін тартпайтын, өршіл өткір ақын» деп көрсеткен. «Тезектің тіршілік амалында Сүйінбай әшкерелемеген қалтарыс қалмайды»[1, 37], – дейді академик М. Әуезов.

«Қазақтың ХҮІІІ – ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» деген кітабында академик-жазушы С. Мұқанов та «Сүйінбай мен Тезек төре» айтысынан үзінді келтіріп, оның әлеуметтік мәніне жоғары баға берген. Және «Айтыстар туралы» атты еңбегінде ол – Сүйінбай ақынның үстем тап өкілдерінен ықпаған беттілігіне, өлең сөздің жүйрігі атанған өрен қабілет-дарынына қатты сүйсінген. Академик С. Мұқанов: «Сүйінбай сияқты ақындардың айтыстан басқа өлеңдеріне қарағанда, олар жалғыз айтыста ғана емес, сонымен қатар, өз заманының барлық күнделікті тіршілігіне араласып, халықтың жақсылығын дәріптеуші, кемшілігін сынаушы, тарыққанда ақылшысы, қуанғанда сайраушысы болғанын байқаймыз»[1, 37] деген тұжырымға келеді.

Сонымен, Сүйінбайдың ақындық өнері, әлеуметтік қызметі туралы жазылған аса мәнді еңбектерді төрт топқа бөлеміз: 1) тарихи-әдеби еңбектер, 2) орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, 3) монографиялық зерттеулер, 4) жекелеген әдеби-сын мақалалар.

Ақындар атасы атанған Сүйінбайдың қазақ көркемөнеріне қосқан зор үлесі мен қоғамдық қызметі туралы қоғамдық-тарихи саяси зерттеу әдебиеттерде де көп айтылған. Мысалы, «Қазақ ССР тарихының» 1-томында «Шернияз және Сүйінбай» деген үлкен, көлемді бөлім бар. Онда Шернияз бен Сүйінбайдың шығармалары қазақ халқының есінде берік сақталып, көрнекті орында тұрғандығы баса сөз етілген. Ақындық өнері өте жоғары бағаланған Сүйінбайдың тапқыр да ойлы, өрнекті поэзиясы туралы 1957 жылы «Қазақ ССР тарихында»: – Сүйінбай – тілге шешен, сөзге жүйрік ақын. Сүйінбайдың өлеңдерінен өмір шындығы, халықтың үміттері мен армандары айқын көрінеді», – деп бағаланған. Сол сияқты Қазақ ССР Ғылым академиясы шығарған алты томнан тұратын «Қазақ әдебиетінің тарихы»(1965) мен «Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы»(1975) атты ұжымдық жұмыстарда да Сүйінбай шығармаларының шыншылдығы, әлеуметтік саяси бағыты дәл, ашық айтылған. «Революцияға дейінгі қазақ әдебиетінде әлеуметтік өмірді халық мүддесі тұрғысынан жырлап, хан, төрелердің шаруаларды қанап отырғанын көре біліп және сол қанаушылыққа қарсы жырын құрал еткен бұқарашыл әдебиеттің елеулі өкілдерінің бірі – Сүйінбай Аронұлы», – деп «Қазақ әдебиетінің тарихында» ерекше атап көрсетілген. Бұл ақын мұрасының академиялық еңбектерде арнайы қарастырылып, лайықты бағалануы еді.

Орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда да Сүйінбайдың өмірі мен шығармашылығын баяндайтын бөлімдер бар. Оған Қ. Жұмалиевтің(1943), М. Ғабдуллиннің(1974), Е. Бекмаханов пен Н. Бекмаханованың(1977) жазған оқулықтарын атаймыз. Аталған авторлардың барлығы да Сүйінбайдың ойшыл, күрескер ақын екендігін атап, оның азаматтық тұлғасына баса зер салады. Профессор Қ. Жұмалиев орта мектепке арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығында ақынның «Кәрілік», «Тезекке айтқан көңілі», «Сүйінбай мен Тезек төре айтысына» жан-жақты талдау жасаса, академик М. Ғабдуллин Сүйінбайдың үстем тап өкілдерінен тайсалмай тек шындықты бетке тура айтатындығын жоғары бағалаған.

Даңқты ақынның шығармашылығын сөз еткен зерттеу еңбектер тек сол айтылғандармен шектеліп қалмайды. 1950-90 жылдар ішінде республикамыздың әдебиетші ғалымдары өздерінің монографиялық ғылыми еңбектерінде Сүйінбай Аронұлының шығармалары туралы құнды-құнды ойлы пікірлер қозғады. Мәселен, әдебиетші, режиссер, философ ғалымдар  Ә. Тәжібаев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, З.Ахметов, Х.Сүйіншәлиев, С. Қирабаев, А.Тоқпанов, К.Бейсембиев, т.б. ақын шығармаларының әлеуметтік-қоғамдық сипаты мен ұлы Жамбылға тағлым берген ұстаздық ұлағаты жайлы маңызды ой айтып, баға берген. Атап айтқанда, Сүйінбайдың ақындық мектебі жайлы филология ғылымдарының докторы Ә. Тәжібаев «Өмір және поэзия»(1960) кітабында: «Жамбыл ұстазы Сүйімбай алдында өзін-өзі әдепті жас ретінде ұстап келген», – десе, профессор Х. Сүйіншәлиев «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері»(1967) атты зерттеуінде: «Жамбылдан басқа ақындар да Сүйінбайды өздеріне ұстаз тұтып, оның таланты алдында бас иген», – деп тұжырымдайды. Ал, қазақтың театр өнерінің тұңғыш профессоры Асқар Тоқпанов «Іңкәр дүние»(1991) деген ой-толғамында: «Жамбыл өзінің пірі Сүйімбай туралы жырлағанда, жалғыз өзі бір театрға татушы еді. Өйткені сол оқиғаға қатысатын бейнелердің бәрінің де бет қимылын, олардың ашуын, күлкісін, қалжыңын, тіпті қызарып-бозарғанына дейін түгелдей артистей  ойнап, орындайтын. Оған домбырасының үні қосылғанда, тыңдаушылар өзін-өзі ұмытып кетуші еді. Бір жылатып, бір күлдіре отырып, тыңдаушысын өзіне баурап алып, таң атқанша ұйықтатпай жырға бөлеп қарық қылатын» – деп қайран қалады. Міне, өстіп жоғарыдағы қазақ әдебиетімен мәдениетінің аса көрнекті тұлғалары, саңлақ сыншылары атышулы, адуын ақынның поэзиясын осылай түсінеді. Сүйінбайды әлеуметтік айқын сара бағыты бар өз алдына бөлек, бүтін бір ақындар шоғырының басында тұрған жыр алыбы деп санайды. Бұл салада, әсіресе, фольклорист-ғалым С. Садырбаев, М. Жолдасбеков және Б. Ақмұқанова мен Е. Естаевтар көптеген ғылыми мақалалар жазған. Ол мақалаларда ақынның творчестволық өмір жолы, әлеуметтік беталысы және ақындық шеберлігі мен жеке тұрмыс-күйі көрініс тапқан. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

М.Үмбетаев

ф.ғ.к.доцент