СҮЙІНБАЙДЫҢ КӨРКЕМӨНЕРДЕГІ БЕЙНЕСІ
Тағы бір көңіл бөлетін жай – белгілі ақын, жазушылар мен режиссер, суретші, мүсіншілер де өз шығармаларында Сүйінбайдың көркем-әдеби бейнесін жасаумен шұғылданған. Мысалы, Ә. Тәжібаев, Н. Погодин, П. Кузнецов, Ә. Қастеев сынды өнерпаздар ақынды әр қырынан алып, әрқайсысы өз саласында мүсіндеп сипаттаған. Ақын Ә. Тәжібаев Сүйінбай мен Жамбыл арасындағы ұстаздық, шәкірттік қатынастарды, олардың бір-біріне арнаған кіршіксіз таза ұлы достығын «Ақын»(1973) поэмасында толғана жырлады. Көрнекті жазушы П. Кузнецов «Мұратына жеткен адам»(1959) атты тарихи романында Жамбылдың Сүйінбайдан бата алу сәтін үлкен суреткерлік шеберлікпен өте қызық, көркем бейнеледі. Романда жас Жамбыл жиылған көп алдында Шоқан мен Сүйінбайдың сынынан өтеді. Жамбылдың өлеңіне қатты риза болып, көңілі толған Шоқан мен Сүйінбай оған ағалық ыстық ықылас-пейілдерін білдіреді. П. Кузнецов осы шығармасында Сүйінбайдың ел қамқоры болған ақылгөй, данышпандық, ойшыл образын жасаған. 1952 жылы «Қазақфильм» киностудиясы Жамбыл туралы көркем фильм түсірген. Фильмнің сценарийін жазған – Ә. Тәжібаев пен Н. Погодин, режиссері – Е. Дзиган. Фильмде Жамбылдың ақын болып қалыптасуындағы Сүйінбайдың ықпал-әсері, ұстаздық мектебі барынша айқын бейнеленген. Ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық қарым-қатынас өте нәзік те тартымды көрсетіледі. Әсіресе, Сүйінбайдың Жамбылды ақындық өнерге қалай баулығандығы жөніндегі деректі кадрлар көрерменді эстетикалық сұлу сезімге бөлейді, көркемөнердегі жалғастық туралы сыр шертеді. Сондай-ақ, көп сериялы «Шоқан Уәлиханов» атты көркемфильмде Сүйінбай образы керемет сомдалған. Онда Сүйінбайдың рөлін атақты ақынымыз Хамит Ерғалиев ойнаған. 1973 жылы Ташкент қаласындағы М.Т. Ташмухамедов атындағы Бүкілодақтық мелодия заводы «Сүйінбай мен Тезек төре айтысын» жыршы Көкен Шакеевтің орындауында грампластинкаға жазған.
Жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың мемориалдық музейінде оның ұлы ұстазы С. Арноұлының өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-тарихи бөлім бар[1]. Бөлім Сүйінбайдың ақындық дәстүрі, қоғамдық-әлеуметтік ортасы жайлы жан-жақты мәлімет береді, тағы онда ақиық ақынның қолдан салынған үлкен суреті ілініп қойылған. Ақынның бұл суреті жыл сайын ұлан байтақ еліміздің әр түкпірінен және шет елдерден келетін туристердің айрықша ықылас қойып, қызыға тоқтап көретін көркемөнердің(живопись) сәтті шыққан туындысы болып саналады. Суретті Қазақ ССР Халық суретшісі Әбілхан Қастеев ақын ұрпақтарының айтуы бойынша жасаған. Суретші Ә. Қастеев Сүйінбайдың ақындық талантын «Қазақ әдебиеті»(1972) газетінде жарияланған мақаласында: «Сүйінбай ақын бір ғана Жамбылдың ұстазы емес, ол – күллі көркемдіктің, әдеміліктің ұстазы», – деп бағалаған. Мінеки, осылайша қазақ көркемөнерінің көрнекті өкілдері ұлы ақынның сирек кездесетін ақпа ақындық дарыны мен өнердің өзіндей нәзік жан дүниесін әрі оның дара тұрған дәстүр, өнегесі бар поэзия мектебінің негізін салған асқақ, өр тұлғасын әдебиетте, сурет пен кинода шыншылдықпен бейнелеген.
Соңында өшпес бай әдеби мұра қалдырған еңбекші халықтың сүйікті ақыны Сүйінбай Аронұлына үкіметіміз бен халқымыз зор құрметпен қарап, ерекше көңіл бөліп отыр. Соның нақты айғағы – сөз өнері ұлы зергерінің 175 жылдық мерейтойының құрметіне 1990 жылы Алматы қаласындағы үлкен бір даңғылға Сүйінбай есімі берілді. Ал, ақынның туған жерінде ауыл, көше, мектеп аттары Сүйінбай есімімен аталған, өзінің атын алған ауылда әдеби-тарихи мемориалды музейі жұмыс істеп тұр. Алматы облыстық Сүйінбай филармониясы ашылды. Атақты композиторымыз Нұрғиса Тілендиев «Сүйінбай сазы» күйін шығарды. Тәуелсіздік таңы атқан соң, бұл іс одан арман қарай жалғасын тапты: ақынның қабіріне тұңғыш президентіміз, қазақ халқының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйғаруы бойынша зәулім мавзолей тұрғызылды және облыс орталығы Талдықорған қаласында Сүйінбай ақынның бойымен бірдей ескерткіші орнатылды. Және де 2015 жылы, ұлы жыраудың туғанына 200 жыл толу құрметіне Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының алдына данышпан Сүйінбай ақынның бюст-ескерткіші қойылды. Бұл – еңбекші ел үшін өмір сүріп, күреске шыққан мұзбалақ ақынға, оның от-жалын поэзиясына тәуелсіз Қазақстан Республикасы үкіметі мен халқы тарапынан көрсетілген үлкен, елеулі ілтипат болып саналады.
[1] Жамбыл Жабаевтың мемориал-музейі, Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл атындағы ауылда.
М.Үмбетаев
ф.ғ.к.доцент