СҮЙІНБАЙ АҚЫННЫҢ ӨМІРБАЯНЫ
Сүйінбай ақын 1815 жылы бұрынғы Жетісу облысы Верный уезі Ұзынағаш болысына қарайтын №3 ауылда, яғни қазіргі Алматы облысы Жамбыл аудан Қарақыстақ ауылының оңтүстігіндегі Майтөбе жайлауының Бұрған деген елді мекенінде дүниеге келген[1, 40]. Ақынның балалық шағының ең бір қызықты тұсы Майтөбе жайлауының баурайында қозы-лақ бағып, өлең айтумен өткен.
Сүйінбайдың бойындағы зор ақындық талант – атадан балаға мұра болып келе жатқан тектік-тұғияндық тарихы бар тамырлы өнер. Себебі, ақынның арғы атасы Күсеп көп қырлы, үлкен дарын иесі атанған. Әсіресе, оның атын шығарған ең басты екі түрлі ерекшелігі мынау: бірінші – ірі жырау, жыршы; екінші – шебер қобызшы, күйші. Күсеп Жиенқұлұлы – ХVІІІ ғасырдағы Жоңғар феодалдық мемлекетінің шапқыншылығына қарсы аттанған қазақ елінің ерлік күресін алғашқы жырлаған жауынгер-ақындардың бірі. Ол – атақты «Өтеген батыр» жырының бастапқы шығарушы авторы. Оның бұдан басқа да әдеби және музыкалық шығармалары көп болған. Өз кезінің көзі ашық, хат танитын адамы Күсеп «Мың бір түн», «Шахнаме», «Көрұғлы», «Тотының тоқсан тарауы» секілді әңгіме, қисса-жырларды арабша, парсыша кітаптардан оқыған. Аталған шығыстық сарындағы жыр-дастандарды ел арасында талмай жырлап таратқан. Ақын шамамен 1701 жылы туып, 1791 жылы 90 жасында дүниеден өткен. Жыраудың Жаңбыршы, Жаманақ, Арон деген үш баласы әкелерінің ақындық, күйшілік дәстүрін жалғастырған. Үлкен ұлдары Жаңбыршы мен Жаманақ төңірекке дастаншы, жыршы, қобызшы, күйшілігімен белгілі болса, ақынның кенже баласы Арон жастайынан-ақ аса қабілетті, өткірлігімен ел аузына ілінген және бертін келе мәмілегер шешендігімен, әрі жыршылық қабілетімен аты шыққан. Шығыс сюжетінде айтылатын аңыз-әңгімелерде көп жырланатын халипа Һарон Рашидтің әділетті, турашылдығын қатты ұнатқан Күсеп жырау – бұл баласының есімін Арон деп қойған. Әкесі Күсептің «Өтеген батыр» жырын және шығыстың «Шахнаме», «Көрұғлы», т.б. дастандарын Арон жатқа білген. Ол 1750 жылы туып, 1835 жылы 85 жасында қайтыс болған. Міне, осындай атадан балаға мирас болып, жалғасып келе жатқан ақындық салты, айқын идеялық жолы бар ортадан Сүйінбай ақын тәлім-тәрбие алып өскен. Ақынның өзінен үлкен Жаманшал, Жұмық деген ағалары, Оспан деген інісі болған. Ағасы Жаманшал көп таныған ірі ақын атанбаса да, ауыл арасында сыншыл, мысқылшыл бір қақпай өлеңдерімен ешкімге дес бермеген. Кейініректе бұл жөнінде Жаманшал Сүйінбайға: «От басында мен жүйрікпін, шаршы топта сен жүйріксің», – дейді екен. Екінші ағасы Жұмық бір бет, қыңыр мінезді болса, інісі Оспан пысық, шаруаға икемділігімен көзге түскен. Аталған ағалары мен інісі туралы Сүйінбай мынандай мінездеме айтқан:
Оның атын Оспан қойды,
Бақ-дәулетін қостан қойды.
Сенің атыңды Жұмық қойды,
Өл-өлгенше көзіңді жұмып қойды.
Менің атымды Сүйінбай қойды,
Дүние шіркін бұйырмай қойды[2, 99].
Қазақ ССР-інің мемлекеттік Орталық тарихи архивінде сақталған деректерде, 1871-1873 жылдардың аралығында Верный уезінде жүргізілген есеп-санақ материалдарында, Сүйінбайдың отбасы саны мен қолға ұстаған малдары жөнінде мынандай мәліметтер бар: үйі – 1, ер адамы – 3, әйел адамы – 1; түйе – 2, жылқы – 37, сиыр – 2, қой – 100. 1870 жылы егіншілікпен айналысып, 10 қап арпа, 7 қап бидай жинаған деп көрсетілген[1, 41].
Жұпан – Сүйінбайдың алғаш алған әйелі. Жұпаннан ақынның тұңғыш ұлы Малыбай туады. Жұпан ұзаққа созылған сырқаттан көз жұмған соң, ақын екінші рет үйленген әйелі Еңлікпен өмірінің ақырына дейін отасады. Ол жөнінде:
Тұмау десем науқасым тұман болды,
Үйімнен кетпейтұғын құдам болды.
Еңлігім, қайрат қыл да, қамыңды істе,
Тұруым бұл науқастан күмән болды[2, 50], –
дейді ақын. Еңліктен оның Жетібай, Әзірбай деген екі ұлы және Бағжан, Қойжан деген екі қызы дүниеге келген. Ақынның ұл-қыздары барлығы – бесеу: Малыбай, Жетібай, Әзірбай, Бағажан, Қойжан. Тұңғыш баласы Малыбайдан – Үкіжан, Талжан, Тоғызбай, Садырбай, Дайырбай, Әуелбай, Кәдірбай[2, 5]; екінші ұлы Жетібайдан – Зарауха.
Сүйінбай ақынның елімізге есімі белгілі шөбересі Сұлтанғали Садырбаев – филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасының профессоры, Фольклортану оқу-зерттеу бөлімінің меңгерушісі, М.Әуезов атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі қызметтерін атқарған. Ұзақ жылдар «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Шешендік сөздердің тарихы мен теориясы», «Риторика» атты пәндерден филология және журналистика факультеттерінде дәрістер оқыды. Ыбырай Алтынсарин атындағы, Жамбыл Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты, «Құрмет» орденімен марапатталған. Зайыбы Зүкен апай Кеңшілікқызы – Республикаға еңбегі сіңген оқу-ағарту ісінің озаты. Белгілі фольклорист-эстет оқымысты Сұлтанғали Садырбаев 2013 жылы тамыз айында, қасиетті Қадыр түнінде 83 жасында бақилық сапар шекті. Сүйегі ұлы ақын-бабасы Сүйінбайдың мавзолейі жанына жерленген.
Сүйінбай ақынның қазіргі ұрпақтарынан профессор Сұлтанғали Садырбаевтың балалары Ғабит(Алматы қаласының бас архитекторы), Ғабиден(спорт шебері), қызы Ләззәт(журналист) және аталас ағайыннан Дайырбаев Сұлтаналылар бар. Қазіргі кезде ұлы жырау-жыршының өзге де немере-шөберелері Алматы қаласы мен Алматы облысы Жамбыл ауданы Сүйінбай атындағы ауылда тұрады. Жыр жүйрігі Сүйінбай Аронұлының шыққан тегі Ұлы жүз Шапырашты, Екей руына жатады. Екей – ақындық, күйшілік өнерімен аты шыққан ру.
Екейде елу бақсы, сексен ақын,
Жаратып мінеді екен ерттеп атын.
Қобызы, домбырасы үнін қосып,
Гулейді жын қаққандай кешке жақын[2, 8].
Әзіл түрінде айтылса да осы шумақта үлкен, нақты тарихи шындық барына кезінде академик М. Әуезов назар аударған. Оларды: «Алматы облысы Жамбыл ауданына бара қалсаң, екі-екіден отыра қалып, қырманда, шабындықтың басында, мал баққан үйде, әлі де ұстасып, айтыса кетуге құмар халық»[2, 9], – деп бағалаған ұлы жазушы.
Жаз айларында Екей елі осы күнгі Алматы облысындағы Үлкенсаз, Құлансаз, Ботасаз, Қарақия, Майтөбе жайлауларын мекендеген, қыста Қопа, Төрегелді, Өтеген, Қазыбек таулары мен жазықтарын қыстаған. Ақындық талантты айрықша қастерлегендіктен қарапайым халық Сүйінбай жөнінде әр түрлі аңыздар, мифологиялық сюжеттер ойлап тапқан. Мысалы, ел арасына кең тараған бір аңызда Сүйінбайдың қызыл-тарғыл жолбарысы болыпты-мыс деп айтылады. Ол жолбарыс Сүйінбай топқа түсіп айтысарда, ақынның алдына келіп, айбатты, сесті кейіпте көсіліп жататын болған, оны ақынның өзінен басқа ешкім көре алмаған. Ақынның болашақ айтыстағы жеңіс салтанатын қызыл-тарғыл жолбарыс күні бұрын білдіріп отырған, – деп баяндайды ел. Бұл аңыздан, әрине, халықтың өзі сүйген ақын ұлына өзгеден бөлекше қарап, оны киелі, қасиетті етіп көрсеткісі келгендігін байқау қиын емес.
Азамат ақын Сүйінбай Аронұлы 1898 жылы 83 жасында қайтыс болған[1, 5]. Ақынның сүйегі қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарақыстақ өзенінің шығыс жағындағы биік жотаға қойылған. Ақиық ақын Сүйінбайдың ақындық жолы мен дәстүрін кейінгі буын Жамбыл бастаған талантты шәкірттері жалғастырып әкетті. Ұлы Жамбыл Сүйінбайды рухани жебеуші пірім деп таныған:
- Арғы атам – аруақты ер Қарасай,
Теңселген дүбіріне тау менен сай.
Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан,
Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай![3, 81]
- Ақындардың ақыны,
Айдын көлдей ақылы,
Жыр тұлпары Сүйінбай!
- Бата берген Сүйінбай,
Жырдың тіккен туындай!
Айтқанда маған ақылды,
Жырла деген батырды[3, 196].
Міне, осылайша есімі жыр, дастанға айналып, бүкіл тірлік-тынысы өлеңмен өрілген, шығармашылығында туған елінің тарихын үлкен жүрекпен, зор ақындық сүйіспеншілікпен жырлап, қарапайым бұқараның қорғаны болған Сүйінбай өмірі – шын мәніндегі өнегелі де өрнекті өмір.
М.Үмбетаев
ф.ғ.к.доцент