КЕМЕҢГЕР АҚЫН
Тегінде, қазақ халқы әдемілікке, сұлулыққа жаны құмар халық. Дүниенің ағысы мен жаратылыстың бітім-болмысындағы болар-болмас, жәй көзге аңғарыла бермейтін өте нәзік нәрселерді байқағыш-ақ, аңғарғыш-ақ. Оларға адам мен табиғаттың арасындағы тепе-теңдік құбылыс ерекше әсер еткен: таң шолпанның нұрлы сәулесі, маралдың мұңлы үні, жалаң қия жартастан көтерілген күннің алғашқы шұғыласы, алыстан ағараңдап көрінген мұз таулары, аспандағы аққумен ән қосқан ақын-жыршылардың дауысы. Солардың арасында, әсіресе қыздардың сұлулығы мен әдемілігі ерекше бағаланған. Тамаша талай ақындар көркем қыздардың кескін-келбетін раушан гүлге, інжу-маржан, лағыл тастарға, күн мен айға, құндыз бен жұлдызға теңеген. Соның өзінде қыздарға дәл теңеу тауып бере алмадық деп, өкінген ақын-әншілер көп болған.
Бәлкім, содан болар, қазақ ақындары қыздардың жан сұлулығы мен сымбат сұлулығын сипаттағанда: «ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін», «ботакөз, үлбіреген ақша тамақ», «қарақат көз, қыр мұрын, жазық маңдай», «ажарың ашық екен атқан таңдай», «киіктің ұқсатамын құралайын», «жаратқан ақбоз аттай сылаң қағып», «басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң», «сылдырлап шашбауың мен алтын сырғаң» деген сияқты теңеу, эпитеттермен бейнелейді.
Болғанда қасың қара, шашың сүмбіл,
Албырап екі бетің жанар гүл-гүл.
Бейіштің гүл жамылған сарайында,
Сайраған тоты құстай сен бір бұлбұл! – деп, бірінен-бірі асырып айтқан ақындар.
Қазақ халық фольклоры: салт айтыстары және ақындар айтыстары болып екіге жіктеледі. Ақындар айтысына: қыз бен жігіт айтысы, ақындар айтысы, жұмбақ, мысал айтыстары жатады. Ел арасында мол тараған айтыстың бірі – қыз бен жігіт айтыстары. Мұнда қыз бен жігіттің көңіл-күй лирикалары негізгі орын алады. Ондай тарихи зор айтыстардың қатарына: Сүйінбай мен Кескенкекіл, Біржан мен Сара, Әсет пен Ырысжан, Ұлбике мен Күдері, Кеншімбай мен Ақсұлу, Омарқұл мен Тәбия, Жүсіпбек-қожа мен Шөкей қыз, қыз Болық пен Елентай, Айқын қыз бен Жарылқасын, Қадиша мен Ысқақ, Ажар мен Уахит, Бақтыбай мен Мәйке қыз, Күйкентай мен Оспантай және Жамбыл мен Айкүмістің айтыстары жатады.
ХIХ ғасырда қазақ елінің этнографиясы мен психологиясын зерттеуге арнаулы ғылыми мақсатпен Қазақстанға келген орыстың алдыңғы қатарлы демократиялық көзқарастағы оқымыстылары қазақ халқының екі өнерін ерекше атап өткен: а) қазақ халқы шешен, қарасөзге жүйрік; ә) ақын, импровизатор деген. Мысалы, Р.А.Пфеннинг[1]: «Қазақ халқы үшін сөз өнерінен бағалы, мәнді ештеңе жоқ», – дейді, ал Д.Л.Иванов[2]: «Қазақтар тез-тез сөйлейді, сөздері ағыл-тегіл айтылады. Тамаша халық. Олардың мінездері жұмсақ, жүректері кең, көңілдері ақжарқын. Тыныштықты сүйеді», – дейді.
Орыс оқымыстылары таң қалған керемет өнердің бір шоғыр жұлдыздары – қазақ ақын қыздары. Бұлардың творчествосы қазақ халқының тарихында алтын әріппен жазылады. Өткен ғасырларда қазақ фольклорына қатысты қыз бен жігіт айтыстарының озық үлгілері Петербург, Қазан, Уфа, Орынбор, Ташкент, Семей қалаларында араб әрпімен басылып шыққан. Ол шығармалардың біразын орыс оқымыстылары, біразын қазақ, татар интеллигенциясы, зиялы қауымдары жарыққа шығарды. Мысалы, Ұлбике мен Күдері қожа айтысы В.В.Радловтың «Образцы народной литературы тюркских племен…» (СПб., 1870); Қыз Болық пен Әзілкештің айтысы Я.Лютштің 1883 жылы Ташкентте шыққан «Киргизская хрестоматия. Сборник образцов литературы киргиз Туркестанского края»; «Болық пен Елентайдың айтысы» 1875 жылы А.И.Сейдалин және С.А.Жантуриннің «Образцы киргизской поэзии»; «Айқын қыз бен Жарылқасын» 1908, 1911, 1913 жылдары; «Жүсіпбек пен Шөкей қыз» 1910; Қисса «Біржан сал мен Сара қыздың айтысы» 1898, 1899, 1902, 1907 жылдары кітап болып басылды.
Кеңес дәуірінде халық арасына кең тараған «Әсет пен Рысжан» айтысы 1931 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларында»; «Молда Мұса мен Манат қыз», «Ажар мен Уахит», «Хадиша мен Ысқақ», «Әжек пен Шәріпжамал» айтыстары 1942 жылы С.Мұқанов пен Е.Ысмайловтардың құрастыруымен шыққан «Айтыс» жинақтарында жарияланды.
1964, 1965 жылдары Қазақ Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты шығарған «Айтыс» жинағында революцияға дейінгі қыз бен жігіт айтыстарының көптеген нұсқалары жарияланды. Солардың қатарында Жамбыл мен Айкүмістің айтыстары да бар. Бұл айтыс алғаш рет 1946 жылы Жамбылдың академиялық толық жинағында басылды. Айтыстың қысқаша текстерін жаздырған Жамбылдың өзі, о бастағы сюжеті ұзақ болған, арада біраз жыл өткендіктен, көпшілік сөздері ұмытылған. Жамбыл мен Айкүміс айтысының толық нұсқасы сақталмаса да, жарияланып жүрген қысқаша нұсқаның көркемдік құны аз деп айта алмаймыз.
Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты 1955, 1958 жылдары Жамбыл шығармаларының толық жинағын шығарды, соның түсініктеме бөлімінде Құлмамбет пен Жамбылдың айтысы туралы былай дейді: «Жамбыл 1881 жылдар шамасында Іле өзенінің бойында болған үлкен жәрмеңкеге келеді. Бұл жәрмеңкеде Орта жүз, Ұлы жүзден көптеген ақындар бас қосады. Топ ішінде Жетісуға аты белгілі Құланаяқ атанған, әйгілі ақын Құлмамбет тоғыз ақынды жеңіп, өктем сөйлеп отыр екен.
Құлмамбеттің сұрауы бойынша Құдайберген деген бай Жамбылды шақыртып алдырады. Осы айтыста Жамбыл Құлмамбетті жеңіп, Жетісудағы үлкен ақын атағын алады. Ел әңгімесі бойынша: «Құлмамбет Албан руынан шыққан. 1900 жылдары 70-тен асып қаза тапқан» делінеді.
Біз мысалға келтірген түсініктемеде екі-үш түрлі қате бар. Бірінші, айтыс Іледе өтті дейді, алдымен осыған тоқталық. 1937 жылы 22 қазанда «Лениншіл жаста» жарияланған («Литературная газетаның» аударма мақаласы) Жамбылдың өз айтуынан жазылып алынған өмірбаяндық мәліметте: «…Құлмамбет деген атақты ақын бар деп естідім. Ол Жетісудағы бірінші ақын болған, барлық ақындарды жеңіп шыққан. Оның даңқы бүкіл қазақ, қырғыз даласында жер жарды.
Бір уақытта Албан елінің жайлауына бардым. Осы кезде Албан және Үйсін елінің арасында үлкен той болып жатты, мұнда Құлмамбет ақын өлең айтысқа шықпақ. Құлмамбет кілем төсеген алты қанат ақ үйде, ақсақалдардың ортасында отыр екен. Отырғандар қымыз ішіп даурығып, көңілді отыр. Құлмамбеттің түрінде мақтаншақтық және өзіне-өзі сенгендік көрініп тұрды… Мені көріп, ол күле бастады. Мұнысы маған қатты батты. Айтыс басталды, Құлмамбет өлеңінде өзінің билікті адамдармен жақындығын, достығын, құрметтейтіндігін айтып, мақтана бастады. Ол көп ру басыларының, бай-болыстардың аттарын санап өтті, олардың атын мақтап, жоғары көтерді.
Онан кейін өлеңді мен айттым. Сүйінбайдың ақылын еске түсірдім: өтірік айтып, сатылмадым. Әлгі Құлмамбет санап өткен адамдардың аттарын атап, мен қайталап айттым да, әрқайсысыларына халықтың аузында айтылып жүрген бағаларын бердім. Менің өлеңімде: жаңағы өтірік мақталған адамдардың бәріне ұры, алдаушы, кісі өлтіргіш делінген атақтар берілді. Менің сөздерім әрі күлкі, әрі өткір болды. Сондықтан да, айнала қоршаған жұрт бұған қатты күлді. Мен өлеңімді үдете түскен сайын, айналадағы тыңдаушылар қатты ұнатты.
Сөйтіп, мен Құлмамбетті жеңіп, Жетісудағы бірінші ақын болдым», – дейді.
Жәкең Құлмамбетпен айтыс Албан елінде, қазіргі Алматы облысы, Кеген ауданының жайлауында өтті дейді. Ал, жоғарыда аталған томда Құлмамбет пен Жамбылдың айтысы қазіргі Іле өзенінің өткелінде, жаздағы жәрмеңкеде болды деп көрсетеді.
Жамбыл мен Құлмамбет өлеңдерінің текстеріне зер салып қарасақ, айтыс 1881 жылы емес, 1897 жылы өткен. Оған мынандай уәж айтуға болады.
Болғанда мен ақсұңқар, сен – бір тауық,
Сен әтеш – айқайлағыш ауық-ауық.
Сүйінбайың күркілдеп үйде жатыр,
Басқаңды қою керек жылы жауып, – дейді Құлмамбет Жамбылға.
Жамбылдың әдеби музейінде сақталған ақынның бір естелігінде: «Сол жылы Сүйінбай ауру еді, келер жылы өлді», – дейді Жамбыл Құлмамбетпен айтысының қай жылы өткендігі туралы. Жамбылдың ұстазы, айтыс өнерінің классигі – Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы туып, 1898 жылы 83 жасында дүниемен қоштасқан.
Сүйінбай Құлмамбет пен Жамбылдың айтысы өткен соң бір жылдан соң, 1898 жылы қайтыс болса, онда екі ақынның айтысы 1897 жылы болды деген тоқтам қисынға келеді.
1897 жылы Ұлы жүз Албан елінің жайлауында Шәрипа деген қыздың ұзатылу тойы болады. Соған қырғыз-қазақтан көп қонақ шақырылады, жүздеген ақ үй тігіледі, ұлттық ойындар болады. Осы тойда сегіз қанатты екі үйді жалғастырып, Жетісу мен Ыстықкөлден жиналған даңқты ақындардың айтысын өткізеді. Бірінші, екінші күндері тоғыз ақын айтысады, соның барлығы Құлмамбеттен жеңіледі. Содан арнасынан асқан Құлмамбет, енді Жамбылды шақыртыңдар деп, үдеп, асқақтап кетеді.
Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды,
Еркек қойдай құйрығын салмақтайды.
Ақын болса, қайда отыр, ол немесі,
Болар-болмас немесін ардақтайды! – деп сөз бастайды Құлмамбет.
Құлмамбет сесті ақын. Алдына келгенді бірден бүркітше бас салып, самұрық құстай аспанға іліп алып ұшады.
Құлмамбет- менің атым, құлан аяң,
Менің құлан екенім тәңірге аян.
Албан, Дулат жиылып бата берсе,
Кеңес айтып, жырлайын етіп баян, – деп, Құлмамбет өзінің ақындық өнерін көк пен жердің арасын жалғастырушы ерекше күшке теңейді, шешендігін түз тағысы, желден жүйрік құланға салыстырады.
ф.ғ.докторы, профессор