ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ ТАРИХЫ
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүкіл еліміздегі оқу-ағарту салалары мен ғылыми зерттеу жұмыстарына да тың, жаңа серпін берді. Жалпыхалықтық мәні бар аса маңызды бағдарламаны жүзеге асыру ісіне университетіміздегі филология және әлем тілдері факультетінде ашылған Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығы» да өз үлесін қосу бағытында еңбектеніп келеді.
Орталық алғаш рет 2001 жылы «Қазақ фольклористикасы» оқу-зерттеу лабораториясы деген атпен ашылған болатын. Лабораторияның тұңғыш меңгерушісі, ғылыми жетекшісі болып, ұлы Сүйінбай жыраудың шөбересі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаев тағайындалған еді.
Ал, 2016 жылдың 28 ақпаны қарсаңында ұлтымыздың ұлы тұлғасы Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуы құрметіне орай университетіміздің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов енді бұдан былай лаборатория емес, даңқты жыраудың есімімен Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми зерттеу орталығы болып аталсын деген еді. Міне, сол кезден бастап, Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми зерттеу Орталығы» деген атпен дамып келеміз.
Жыр жүйрігі Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жамбылдың ақындық мұрасы және жамбылтанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция кең көлемде аталып өткізілді. Ректор Ғ. Мұтанов кіріспе сөз сөйлеп ашып, Жамбыл Жабаевтың екі томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсауын кесті. Кітап «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді.
Екі томдық қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 1937, 1940, 1955, 1977, 1982, 1996, 2014 жылдары түрлі баспалардан және 2010 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің жанындағы «Қазақ фольклористикасы» оқу-зерттеу лабораториясы жарыққа шығарған нұсқаларының негізінде құрастырылды. Жинаққа Жамбылдың дастандары, айтыстары және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жамбылтанушы ғалымдарының зерттеулері енгізілген болатын.
Сондай-ақ, Орталық ХIХ ғасырда Петербург, Қазан және Орынбор, Уфа қалаларында араб әрпімен жарияланған сирек кітаптарды бүгінгі кириллицаға аударып бастыруда елеулі жұмыстар атқарды. Мысалы, көрнекті фольклорист-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаевтың жалпы редакциясын басқаруымен Ыбырай (Ибраһим) Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (2003), «Образцы казахской народной литературы» (2004), «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» (2005), Спандияр Көбеев. Таңдамалы шығармалары. (2006), «Қыз Жібек» (лиро-эпос) 2008 жылы, «Сөз асылы сөзде» (қанатты сөздер) С. Садырбаев (2009), Жамбыл Жабаевтың 2 томдық шығармалар жинағы (2010), «Қазақ халқының мақалдары мен мәтелдері» (2012), «Қазақ халық әдебиетінің хрестоматиясы» (2015), доцент М. Үмбетаевтың «Қазақ-қырғыз халық ақындары» деген оқу құралы 2017 жылы «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ-дағы Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми зерттеу орталығы» негізінен қазақ халық ауыз әдебиеті мен көркем жазба әдебиетінің келелі мәселелерін жан-жақты зерделеу, қазіргі ұлттық методология, әдістеме тұрғысынан таразылау жұмыстарымен шұғылданады. Орталық, сонымен қатар, өзге де түркі тілді этностардың (ұлт-ұлыстардың) фольклорлық мұраларындағы ортақ сюжеттер мен айырмашылықтарды да тауып, салыстыра қарап, оларға тән ортақ заңдылықтарды ашу, дәлелдеу бағытын ұстанады. Сондай-ақ, қазақ көркем жазба әдебиетінің бұрынғы және бүгінгі поэтикалық, прозалық шығармаларын жаңаша көзқарас тұрғысынан бағалап, сараптайды. Осы бағытта республикамыздағы әдебиетші ғалымдарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартып, олардың монографиялары мен әдеби әдістемелік оқу құралдарын «Қазақ университеті» баспасынан шығаруға қолғабыс жасайды.
Сонымен қатар, Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығы» өзінің жеке есеп-шотының есебінен факультет студенттеріне әрдайым шәкіртақы тағайындап келеді.
Орталық мынадай әдеби ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруды жобалап отыр:
- Қазақ фольклоры мен әдебиетін жаңаша зерттеудің өзекті мәселелері.
- Жамбылтану – тәуелсіз заманымыздың басты ғылыми арнасы.
- Түркі текті халықтар фольклорының ұқсастықтары мен өзгешеліктері.
Қорыта келгенде, Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығы» алдағы уақыттарда да еліміздегі университеттер мен педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, докторанттарына арналған ғылыми зерттеу жұмыстары мен оқу құралдарын дайындау ісіне өзіндік үлесін қоса береді.
Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиетін
ғылыми зерттеу орталығының»
жетекші маманы Ардақ Какимова