ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ АТЫНДАҒЫ ТІЛ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ ИНТИТУТЫМЕН ӘДЕБИ, МӘДЕНИ БАЙЛАНЫС

2022 жылдың 28-30 қыркүйек күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Жамбыл атындағы ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Қырғызстан республикасы, Бишкек қаласындағы, Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет интитутымен әдеби, мәдени байланыс орнатылғанын мақтанышпен айтқанды жөн көріп отырмыз.
Бұл әдеби, мәдени байланыстың мақсаты — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Жамбыл атындағы ғылыми-зерттеу орталығы қазақ поэзиясындағы айтыс өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан Сүйінбай Аронұлының көп томдық шығармалар жинағын шығару. Кітаптың бір томын қырғыз ғалымдарының айтыс өнері туралы зерттеу мақалаларына арналатындығы жөнінде келісімдер жүргізілді.
Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет интитутының директоры, академик А.Акматалиев пен Жамбыл атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д., қауымдастырылған профессор А.Мәуленов қазақ, қырғыз арасындағы рухани әдеби, мәдени байланысты жаңғырту мәселелері бойынша алдағы уақытта жүргізілетін іс-шаралар жөнінде ойларымен бөлісіп, талқылады.
Қазақ және қырғыз арасындағы әдебиет әлеміндегі рухани, әдеби байланыстың одан әрі дамуына ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізудің амалдары да қарастырылды.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылында ашылған Бишкек қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалына барудың да сәті түсті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының директоры, техника ғылымдарының кандидаты Ж.О.Шейшенов мырза университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырып, болашақта университет талапкерлеріне кәсіби бағдар беру жұмыстарын одан әрі жандандыратынын ерекше айтты.